Жақында ғана «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері атанған ақын Хамит Есаман жамбылдық жастармен кездесу өткізді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын тобылғы» байқауының «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясының жеңімпазы болған талантты ақынмен өткен рухани жүздесу өлеңмен өрілді, әнмен де көмкерілді.

Хамит Ерболатұлының есімі бұл күнде әдеби ортаға ғана емес, ел ішінде жақсы таныс. Өлең өлкесіне өзгеше өріс, тың идеяларымен танылды. Ізденімпаз, өңір әдебиетін өрге сүйреп жүрген талант.

«Өлең мен өмір» деп аталған кеш ұстаздар қауымы мен оқушылар үшін нағыз рухани мерекеге айналды. Кеш ұлт әдебиетін ұлықтауды, рухани құндылықтарды дәріптеуді көздейді.