Жамбыл облысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолда қалған жеті адамды қауіпсіз жерге көшірді. Өңірдің автожолдарында бірнеше авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар өңірдің бірнеше ауданында тіркелген. Жуалы ауданында техникалық ақауға байланысты қозғалысын жалғастыра алмаған жеңіл көлік жүргізушілеріне көмек қажет болған. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, азаматтарды жақын маңдағы елді мекенге жеткізді. Ал Шу ауданында жүк көлігі батпаққа батып қалған. Көлік ішіндегі жүргізуші мен жолаушы қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Медициналық көмекке жүгінгендер тіркелмеді. ТЖД мамандары жүргізушілерге жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеріп, ауа райы мен жол ахуалын ескеруді қатаң ескертеді.