Жамбыл облысында 178 мыңнан астам тұрғын өмір сүретін 42 елді мекен көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан. Аймақтағы 32 мыңнан аса үйге қауіп төнуі мүмкін. Алайда атқарылған алдын алу шараларының нәтижесінде 34 елді мекендегі қауіп толық жойылып, тағы екі ауылда тәуекел деңгейі төмендетілді. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралды.
Ресми деректерге сүйенсек, «Шоң-Қақпа» су қоймасынан төнетін ықтимал қатердің алдын алу үшін Талас өзенінің жағалауы бекітіліп, арнасы тазартылған. Қауіпті 8 учаске анықталып, қорғаныс дамбалары күшейтілген. Облыс бойынша 8 ирригациялық жүйе мен 7 канал механикалық тазартудан өткен. 11 далалық көпір ауыстырылып, дренаж желілері қазылған.