Шетелдік жұмыс күші тек кадр тапшылығы бар салаға тартылады. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі жаңадан қабылданған 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді. Аида Балаеваның сөзінше бұл ережелер кезең-кезеңімен енгізіледі. Қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Бұл ретте басты назар «Заң және Тәртіп» қағидатында болмақ. Сондықтан көші-қон талаптарын бұзғандар жауапкершіліктен қашып кете алмайды. Бұл талап мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі деді министр. Құжатта мемлекеттік қолдауға үмітті қандастарымыз үшін де арнайы тәртіп бар. Жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.