Қаңтардың қақ ортасы болса да, аймақта ақ ұлпаны күткен жандар көп. Биыл облыс орталығына қар небәрі үш-ақ рет түсті. Тұрғындар оның қызығын көріп үлгермеді, жауғаны ертеңіне еріп, ақ ұлпа емес — ақ үміттей жоғалды. Қардың аздығы қалаға ғана емес, ең алдымен шаруаларға үлкен салмақ. Себебі ылғал азайса, өнім сапасы да кемиді. Бұл жағдай су қоймаларына жиналатын қор көлеміне де әсер етері сөзсіз.

Мамандардың болжамынша, биыл өңірдегі 7 су қоймасына 785 млн текше метр тіршілік нәрін жинау көзделген. Қазіргі таңда оның 40 пайызы жиналған. Ал ауыл шаруашылығының мамандары егістік көлемінің қысқаратынын да кесіп айтты. Себеп, судың тапшылығы емес. Облыстағы бірқатар каналдарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.