Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде білім беру жүйесін дамытуға, жастардың сапалы білім алуына және олардың кәсіби әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – еңбек нарығының сұранысына сай, заманауи технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде жаңа «Автотехнопарк» орталығы пайдалануға берілді. Орталықта автокөліктердің техникалық жағдайын диагностикалауға арналған заманауи құрылғылар, жөндеу және қызмет көрсетуге қажетті арнайы құралдар орнатылған. Мұнда білім алушылар қозғалтқыш жүйесі, электр жабдықтары, тежегіш жүйесі мен автокөлік құрылымдарының жұмыс істеу принциптерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Сондай-ақ өндіріс орындарымен байланыс нығайтылып, студенттердің болашақ жұмыс берушілермен ерте танысуына жағдай жасалмақ.