500 мың адамның қарызы кешіріледі. Ел тарихында тұңғыш рет әкімшілік рақымшылық жарияланбақ. Мәжіліс депутаттары бүгін осы мәселеге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстық құқықбұзушылықтарға да амнистия жасау көзделіп отыр.
Әкімшілік рақымшылық – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы, тіпті ТМД елдері арасындағы тұңғыш тәжірибе. Заң күшіне енсе, биыл 17 наурызға дейінгі төленбеген айыппұлдардың бір бөлігі автоматты түрде жойылады. Соның арқасында жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын, 500 мың адамның айыппұлы кешірілмек.