Дәл қазір халықаралық байқаушылар әр жарты сағат сайын шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, референдумның өтуі барысы, учаскелердің жұмысы жайында ақпараттармен бөлісуде. Мұнда Шанхай ынтымақтастық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Түркі мемлекеттері ұйымдарының, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мүшелері бар. Байқаушылардың сөзінше, референдумға халық белсенді қатысып жатыр. Осы уақытқа дейін референдум учаскелерінде қандайда бір заң бұзушылық тіркелген жоқ. Миссия өкілдері елдегі саяси науқанның ұйымдастырылуы- халықаралық стандарттарға толықтай сай келеді деді. Әсіресе волонтерлер мен таңертеңнен дауыс беруге асыққан жастардың белсенділігін, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жасалып жатқан мүмкіндіктерді жоғары бағалады. Ал, орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, осы уақытқа дейін халықтың 8 миллионнан астамы дауыс беріп үлгерді.