Негізгі Жаңалықтар Президент қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды

Президент қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды

Мемлекет басшысы Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінде ұйым елдерін қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіптің сипаты ұйымға мүше ірі мемлекеттердің ұстанымына байланысты екенін айтып, Шанхай бірлестігіне айрықша жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Бішкектегі басқосуда Президент одақтастарға ортақ басым бағыттарды атады. Соның бірі Жасанды интеллект орталықтарының желісін құру. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейтуге баса мән берді. Оның айтуынша, ұйым елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтаған. Дегенмен Мемлекет басшысы ұйымның экономикалық әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Сол себепті қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының негізінде трансшекаралық сауда аймақтарын құруды ұсынды. Бұл тауар алмасудың тиімді тәсілдерін, цифрлық рәсімдер мен заманауи есеп айырысу тетіктерін сынауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразияның заманауи көлік-логистикалық желісін қалыптастыруды жеделдетуге шақырды.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар