Жаңа оқу жылына дайындық қандай?
Бүгінде Жамбыл облысында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 340 мыңға жуық бала білім алуда. Өңірде 1300-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 40 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Білім беру жүйесінде қандай өзгерістер бар? Өңір балаларын жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар күтеді?
Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын 245 мыңнан астам оқушы аттайды. Оның 20 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары. Өңірде үш ауысымды оқыту мәселесі де толық шешілген. Мектепке дейінгі білім беру саласында да өзгерістер бар. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Балабақшалар толықтай ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшірілді. Ал Face ID технологиясы балалардың балабақшаға келуін бақылауды ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік берді.