Бірнеше жыл бұрын басталған саяси реформа ауылдағы билік жүйесін түбегейлі өзгертті. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халықтың өзі таңдайды. Биыл Жамбыл облысының 20 ауылдық округінде тұрғындар өз дауыстарын беріп, жаңа әкімдерін сайлады. Бірақ бір сұрақ әлі де көпшілікті қызықтырады. Егер ауыл әкімін халық сайлайтын болса, аудан әкімдерін неге сайламайды? Кезінде басталған пилоттық жоба неге жалғаспады?


Аймақта 151 аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер бар. Бүгінгі күнге барлық округтерде әкімдер тікелей сайлау арқылы сайланған. Биыл 27 ауылдық округте сайлау өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 20 ауылдың халқы өз әкімдерін таңдап үлгерді. Әкім болуға деген талас та күшейген. Небәрі 20 орынға 89 кандидат ұсынылып, бір орынға орта есеппен төрт үміткерден келген.