Полиция департаментінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылып студенттер мен мектеп оқушылары құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысты. Сондай-ақ бұл іс-шараға ішкі істер органдары ардагерлерінің отбасы мүшелері қатысты. Экскурсия барысында полиция қызметінің күнделікті жұмысы, қоғамдағы орны мен жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді.
Қатысушылар алдымен департаменттің тарихи мұражайын аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу кезеңдері мен даму жолы туралы кеңінен мағлұмат алды. Іс-шараның ерекше бөлігі – Ғазиз Байтасов ерлігіне арналған көркемфильмнің көрсетілімі. Фильм арқылы жастар ел тыныштығы жолында жанын қиған батыр полицейдің ерлігімен танысып, патриоттық рух алды. Сонымен қатар, қызмет барысында қаза тапқан құқық қорғау қызметкерлері туралы да маңызды деректер ұсынылды.