Балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудан бастап ауылдық мектептердегі жасанды интеллектке дейін. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының білім беру саласының жұмысы қорытындыланып, ағымдағы жылға арналған жаңашыл жоспарлар айтылды.
Білім берудегі ең басты жаңалық-цифрландыру мен ашықтық. Басқарма басшысы конференцияда алдымен мектепке дейінгі білім беру жүйесінің дамуына тоқталды. Облыста 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, 63 645 бала тәрбиеленуде. Барлық ұйымдар автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшірілген. Face ID жүйесі енгізілгені ата-аналар үшін қызметтердің ашықтығын арттырып, қолайлы жағдай туғызуда.
Орта білім беру саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда облыста 531 мектепте 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. 2025 жылы облыста 14 жаңа білім беру нысаны пайдалануға беріліп, апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды мектептер мәселесі шешілген. Басқарма басшысының сөзінше, облыс педагогтері мен оқушылары да халықаралық және республикалық конкурстарда елеулі жетістіктерге жеткен.