«Екінші мүмкіндік»: Жаңа өмірге дұрыс таңдау
Жамбыл облысында есірткі қылмыстары мен қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Таразда жазасын өтеп жатқан азаматтарға арналған профилактикалық кездесу өтті. Оған полиция, Жастар ресурстық орталығы, ҚАЖ департаменті және Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес өкілдері қатысты.
Кездесуде есірткі қылмысының құқықтық салдары мен заңсыз әрекеттен бас тартудың маңызы түсіндірілді. Әсіресе, бостандыққа шығуға дайындалып жүрген азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне басымдық берілді. Жиында өмірден алынған мысал да айтылды. Бұған дейін сотталған, бүгінде есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында волонтер болып жүрген азамат өз тәжірибесімен бөлісті. Ол дұрыс таңдау жасап, заң талаптарын сақтаудың маңызын жеткізді. Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер құқықтық сауаттылықты арттырып, азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік береді.