Қазақстан Иранға жалпы құны 200 млн доллар болатын тауар тасымалдауға дайын. Тегеранда еліміздің сауда үйі ашылмақ. Ақордада Мемлекет басшысы Парсы елінің Президентімен келіссөз жүргізді. Қос тарап та сауда-саттықты дамытуға мүдделі екенін айтты. Жыл басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 18 миллион долларға жуық инвестиция салған. Нәтижесінде Алматы облысында ірімшік зауыты, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдейтін комбинат ашпақ. Қазақстан бизнесмендері де Иран нарығында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұдан бөлек, келіссөзде ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланды. Нәтижесінде, Президенттер бірлескен мәлімдеме жасап, 8 құжатқа қол қойылды. Екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мәселесін де қозғады. Оның ішінде мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты.