Өнермен өрілген 60 жыл
Алпыс жыл – өнерге адалдықтың, сахнаға сіңірген еңбектің тұтас бір белесі. Жамбылдық дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаевтың 60 жылдық мерейтойына орай Таразда «Өнерден өмір серігін тапқан» атты сырласу кеші өтті. Өнерпаздың шығармашылық жолы ғана емес, ұлттық өнерге қосқан үлесі мен өмірлік серігіне айналған отбасының қолдауы да сөз болды.
Бақыт Шағырбаевтың өнердегі жолы Қаратау қаласының мәдениет үйінен басталған. Кейін түрлі өнер ұжымдарында еңбек етіп, кәсіби сахнада өзіндік орындаушылық қолтаңбасын қалыптастырды. Дәстүрлі ән, халық әндері мен термені серік еткен өнерпаздың репертуарынан ұлттық болмыс, туған жерге деген сүйіспеншілік пен халықтың тарихы айқын көрініс табады. Бүгінде алпыс жылдық ғұмырын өнерге арнаған әншінің шығармашылығы кейінгі буынға да үлгі.