Жас кадрлардың келуі – жергілікті жердің дамуы
Диплом қолына тиген жас маман үшін ең маңызды қадамның бірі – мамандығы бойынша жұмысқа орналасу. Ал алған білімін ел игілігіне жұмсағысы келетін жастар үшін мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастауға мүмкіндік бар. Биыл бұл бағытта жаңа тетік іске қосылды. Енді оқуын жоғары нәтижемен тәмамдаған түлектер мемлекеттік қызметке орналасу үшін ұзаққа созылатын конкурс пен емтихан кезеңдерінен өтпей-ақ, төменгі лауазымдарға тағайындала алады.
Басты талап – жоғары оқу орнын немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын кемінде 3,33 GPA көрсеткішімен аяқтау. Бұдан бөлек, дипломдағы мамандық үміткер таңдаған лауазымның біліктілік талаптарына сай болуы керек. Бұл мүмкіндік оқуын аяқтаған күннен бастап бір жыл ішінде жарамды. Яғни, кеше ғана студент атанған жас бүгін мемлекеттік қызметкер атанып, кәсіби тәжірибесін қалыптастыра алады. Осындай жолмен қызметке орналасқан жастардың бірі Талас ауданындағы ауылдық округ әкімі аппаратында бас маман болып еңбек етіп келеді.