Электросамокатқа қатысты 27 құқық бұзушылық тіркелді
Жамбыл облысында электросамокат жүргізушілеріне қатысты бақылау күшейді. Бір тәуліктің өзінде жол қозғалысы талаптарын бұзудың 27 дерегі тіркеліп, 12 электросамокат арнайы айып тұрағына жеткізілді. Бұған 25 тамыздан бастап күшіне енген жаңа талаптар себеп болып отыр. Енді тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында самокат тебуге болмайды. Веложолақ болса, қозғалыс сол арқылы жүзеге асуы тиіс.Ал жолдың жүріс бөлігіне 18 жастан асқан, тиісті жүргізуші куәлігі мен қорғаныш дулығасы бар азаматтар ғана шыға алады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өткенде самокаттан түсіп, оны жетектеп өту қажет. Полиция бұл талаптар ең алдымен жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғанын айтып, тұрғындарды ережені сақтауға шақырады.