Жамбыл облысының полицейлері ескертеді: интернет-алаяқтар барған сайын айлакер болуда. Үздіксіз жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, алаяқтар азаматтардың ақшасын иемдену үшін алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануын жалғастыруда.
Ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдердің бірі – өзін банк қызметкері, құқық қорғау органдарының өкілі, байланыс операторы немесе мемлекеттік ұйым қызметкері ретінде таныстыратын адамдардың қоңырау шалуы. Олар түрлі сылтаулармен азаматтарды SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректемелерін айтуға, несие рәсімдеуге немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Есте сақтаңыз: банк пен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы мұндай әрекеттерді талап етпейді. Жамбыл облысы Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, ақша аударымдарына қатысты кез келген ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырады.