Елдегі электр стансаларының 70 пайызының тозығы жеткен. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3 пайызға өсіп жатқаны тағы бар. Осыны зерделеген ғалымдар елімізге жаңа генерациялар қажет, деген тұжырым жасап отыр.
Энергетика министрлігінің жоспары бойынша, 2035 жылға дейін 26,5 ГВт жаңа генерация іске қосылуы керек. Ол тек атом электр стансасы ғана емес, оның ішінде баламалы энергия көздері, газ, көмір пайдаланатын, су электр стансалары бар. Ал алпауыт кәсіпорындардың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін тоқ көзі тұрақты болуы тиіс. Өңірдегі қуатты өндіріс ошағы саналатын фосфор зауыты да үздіксіз энергияға тәуелді.