Республикалық ғылыми- тәжірибелік конференция
«Қазіргі әдебиеттану мен Дулатитану дәстүр трансформация және перспективалар» тақырыбында, Сәмен Оразғалиұлының 70 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті. Ғылыми басқосу офлайн және ZOOM форматында ұйымдастырылған.
Конференция профессор Сәмен Құлбарақтың әдебиеттану, дулатитану және тарихи проза салаларындағы ғылыми мұрасын саралауға, оның зерттеулерінің қазіргі гуманитарлық ғылымдағы орнын айқындауға арналған. Сонымен бірге жиында қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері, ғылыми мектептер сабақтастығы, тарихи тұлғаны көркем игеру, тілдерді оқыту мен білім беру үдерісіндегі жаңа әдістер талқыланды. Пленарлық отырысқа еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің ғалымдары қатысты. Баяндамаларда профессор Сәмен Құлбарақтың Тахауи Ахтанов шығармашылығына арналған зерттеулері, ұлттық мүдде мен ғалым мұраты, Рымғали Нұрғали ғылыми мектебінің жалғастығы, қазіргі қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері және «Мұхаммед Хайдар» романындағы авторлық таным мен тарихи тұлға концепциясы қарастырылды.