Күштік құрылымдарға арналған бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуы тиіс. Бас Прокуратурада өткен жиында Президент құқық қорғау жүйесіндегі цифрландыру барысын сынға алды. Мемлекет басшысы жаңа дәуірде барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу ісін белсенді түрде қолға алу қажеттігін айтты. Ал заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылданып, оны жаңа Конституцияға міндетті түрде енгізу қажет деді. Сонымен қатар Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесіне назар аударды. Мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Осыған байланысты киберқылмыспен күресті күшейтуді тапсырды. Оған қарсы тәсілдерді түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты. Президенттің сөзінше қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Жиында көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру мәселесі де қозғалды. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру міндеті қойылды. Бұдан бөлек Президент әлеуметтік желіде ақпарат тарату кезінде заң талаптары ескерілуі қажет дейді. Деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесіндегі цифрландыру үдерісі әр жерде әрқалай жүргізіліп жатқанына ескерту жасады.