Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да ұстаздан білім алған. Қордай ауданы Қасық ауылында осы ұстаздық жолда ұзақ еңбек етіп, өзінің саналы ғұмырында сапалы шәкірт тәрбиелеумен айналысқан Нұрақ Тілеубайұлын есек алуға арналған «Есімі өшпес жүректе» атты іс-шара өтті.
Қордай ауданы Қасық ауылындағы Тұрар Рысқұлов орта мектебінде өткен рухани іс-шара Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, білім беру ісінің үздігі, тәлімгер ұстаз Нұрақ Тілеубайұлының 100- жасқа толуына орай ұйымдастырылды. Оған аудан тұрғындары, ұлағатты ұстаздың ұл-қыздары мен мектеп оқушылары қатысты.
Тәжіхан Нұраққызы, Нұрақ Тілеубайұылының қызы
Өзі жетім өсіп, адал еңбегі арқасында осындай дәрежеге жетті. 40 жыл бойы мектеп басқарды. Мына сіздер көріп отырған мектепті салған адам. Биыл оның өмірден өткеніне 24 жыл болды. Осыған орай оның өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп осы шараны ұйымдастырып отырмыз
Нұрақ Тілеубайұлы 50 жыл мұғалімдік қызметте табысты еңбек етіп, бүгінде ел ішінде түрлі салада еңбек етіп жүрген шәкірттер тәрбиеледі. Еңбек жолын 1937 жылы қарапайым ұстаздық жолдан бастап, Қасық ауылындағы, Степное ауылындағы орта мектептерде директор қызметін атқарды. Оның рухани жан дүниесі таза, адамға деген мейірімі мол жан еді дейді замандастары.
Тұрғанбек Тұрысбаев, зейнеткер
Нұрақ аға білікті әрі білімді. Оқушыларға да қамқор жан еді. Ол мұғалімдіктен бастап директорлыққа көтерілді. Қайда жүрсе де ақ, пейілі таза адам болды
Ардагер ұстазды еске алуға арналған жиында оның туыстары мен көзкөрген азаматтар естелік әңгімелер айтты. Оның өмір жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Мектеп оқушылары патриоттық үлгідегі әндерін шырқады. Қордай ауданы білім саласының дамуына үлес қосқан азаматқа Қасық ауылындағы негізгі көшелердің бірінің аты берілген. Тұрар Рысқұлов орта мектебінің түлектері де осындай ұлағатты ұстаздарымен мақтанады.
Айдана Ерболқызы, оқушы
Біздің мектепте Н. Тілеубайұылының 100 жылдығы аталып өтілді. Мен мектеп бітіруші түлек ретінде ол кісіні үлгі тұтамын. Ол кісінің есімі ешқашан ұмытылмайды. Мектепке әрқашанда мақтаныш болған адам
Еске алу кеші соңында ауыл азаматтарына арналып көкпар ұйымдастырылды. Ардагердің артында қалған ұрпақтары жалпы жұртшылыққа ас беріп, құран бағыштады.
Айбол Қарашев, Руслан Сандыбаев, «Жаңалықтар қызметі»