Электр желілерін жаңғыртуға 2,7 млрд теңге бөлінді
Жамбыл облысында электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл «Жамбыл электр желілері» серіктестігі инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында айтылды. Шараны Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Электр желілерін жаңғырту мен дамытуға биыл 2 миллиард 700 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражат электр беру желілерін қайта жаңартуға, ескірген жабдықтарды ауыстыруға және арнайы техникаларды жаңартуға жұмсалады. Жаңғырту жұмыстары өңірдегі электрмен қамтудың тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.