Тазыны дәріптеген отбасы
Бүгін – қазақтың тазысы күні. Жеті қазынаның бірі саналатын бұл жүйрік ит талай ғасыр бойы қазақтың саятшылық өнерімен бірге жасасып келеді. Аңшының сенімді серігі болған тазы өзінің шапшаңдығымен, ептілігімен және иесіне адалдығымен бағаланған. Бүгінде жамбылда осы тұқымды өсіріп, бабадан қалған дәстүрді жалғастырып жүргендер бар.
Кең далада атқа қонған қазақтың жанынан тазысы да табылған. Саятшылыққа шыққан аңшы құсын қолға қондырып, жүйрігін жанына ерткен. Тазының басты артықшылығы – аңды қуған кезде жылдамдығы мен бағытынан жаңылмайтын ептілігі. Әсіресе түлкі мен қоян алуда оның табиғи қабілеті ерекше бағаланған. Сондықтан қазақ тазыны жай ғана ит деп емес, аңшылықтағы серік, шаңырақтағы аманат деп таныған. Ал оны баптау да өзіндік өнер болған.