Бейнебақылау жүйесі мас жүргізушіні анықтады
Таразда бейнебақылау жүйесі Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесуге көмектесті. 3 қараша күні сағат 01:29 шамасында Тәуке хан көшесіндегі "Қазақ хандығы" монументінің алдындағы тұрақ алаңында ВАЗ-21099 автокөлігі тұрады. Оның жанындағы бес ер адамның күдікті әрекеті байқалады.
Тексеру барысында 21 жастағы жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қамалды. Соттың шешімімен жүргізуші жігіт 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Бұл жағдай заманауи технологиялар полицияға құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретінін тағы да дәлелдеді. Түнгі жүрістер мен заңсыз әрекеттер назардан тыс қалады деуге болмайды. Өйткені орталық бейнебақылау камералары тәулік бойы жұмыс істеп, қала көшелеріндегі жағдай үнемі бақылауда болады.