Меркі ауданының Тәтті ауылында жеке кәсіпкер Досқали Дөненбаев асыл тұқымды Байсары қойын өсіру арқылы мал шаруашылығын дамытып келеді. Еңбек жолын қарапайым мал бағудан бастаған кәсіпкер алғашында сиыр өсіріп, тәжірибе жинақтаса, кейін асыл тұқымды қой шаруашылығына бет бұрған. Соңғы бес жылда селекциялық жұмыстарды жүйелі жүргізіп, мал басының сапасын арттыруға басымдық беріп келеді.


Қазіргі таңда қожалықта 40-50 бас аналық қой өсірілуде. Оларға жоғары генетикалық әлеуеті бар асыл тұқымды қошқарлар қосылып, сапалы төл алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Соның нәтижесінде жыл сайын алынатын қозыларға сұраныс артып, өткен жылы шаруашылықта 40-қа жуық төл өсіріліп, сатылымға шығарылған.