Ел алғысына бөленген жан. Табысының бір бөлігін тұрақты түрде қайырымдылыққа жұмсайтын, жүрегі жұмсақ жан бар бізде. Жаратқанның бергенін қарақан басына ғана емес, мұқтаждардың да игілігіне жұмсап, шынайы әрекетімен шын қуантқан Ботагөз Тоқсейітова – біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Адамдардың ақ батасын арқалаған кәсіпкер ізгілік жасау арқылы кейінгі буынды рухани тәрбиелеуге болатынын айтады.
«Жаз -Бақыт». Ботагөз Төлегенқызы мен жары Айтаманның ең алғашқы кәсібі осылай аталды. Олар жеткізу қызметі мен күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысқан кәсіпкерлердің бірі болды. Көп ұзамай, жан жары өмірден озады. Әкесіз қалған үш баласын аяққа тұрғызу үшін жас ана белді бекем буып, отбасылық кәсіпті одан әрі жалғайды. Қиындыққа мойыған жоқ, қандай ауыртпашылық болса да, қайыспай көтере білді.