Қараша айынан бастап зейнетақы жинағы есебінен азаматтар протон терапиясы бойынша ем-дом ала алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі айтты. Бірақ енді зейнетақы есебінен тіс емдетуге тыйым салынатыны белгілі. Ақмарал Әлназарова бұл шешім қайта қаралмайтынын айтты. Ал, қалған медицианалық қызметтер сол күйі қолжетімді. Бүгінде зейнетақы жинағына 7 түрлі медициналық қызмет алуға болады. Соның қатарына енді протондық терапия қосылып отыр. Бұл қатерлі ісікке қарсы күрпеске арналған емдеу түрі. Бұған дейін стоматологиялық қызметтерге өтініш беру кезінде жинақ қаражатын мақсатсыз пайдалану, жалған құжаттар тапсыру сияқты деректер анықталған еді. 2021 жылдан бері «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 780 млрд теңгеге транзакция жасалған. Талдау көрсеткендей, соның 222 млрд теңгесі 20 стоматологиялық клиникаға түскен.