Шағын және орта бизнес секторында салық төлеуден жалтару және табысын жасыру схемалары тіркеліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі хабарлады. Мәди Такиевтің айтуынша, бір мекенжайда бірнеше компанияны тіркеу кең таралған. Мысалы, 3 576 мекенжайда 20 мыңға жуық компания тіркеліп, олардың салық берешегі 60 млрд теңгеден асқан. Бұл ұйымдардың нақты қызметін анықтау үшін тексерістер жүріп жатыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы бюджетке салықтың толық түспеуіне себеп. 2024 жылы тіркелген бақылау-касса машиналарының 39%-ы яғни, 402 мың құрылғы мүлде түбіртек бермеген. Ал 16 755 бақылау кассалық машиналары арқылы POS-терминал және QR-төлемдер жүргізілсе де, түбіртек соғылмаған. 260 мыңға жуық салық төлеуші күн сайын тек бір ғана түбіртек соққан немесе табысты тұрақты бір сомамен көрсетіп келген.