Әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі. Сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Әзербайжанның Габала қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының 12-ші саммитінде Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Президент өз сөзінде Қазақстанның «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайты нын атап өтті. Қазір бірқатар мемлекет бұл ұйымға ерекше қызығушылық танытып отыр деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше бүгінде бірлестік достас халықтарды тоғыстырған мәртебелі әрі беделді құрылымға айналған. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Қақтығыстар мен шиеленістер әлемнің кез келген еліне әсер ететін қауіпті үрдіске айналып барады. Осы ретте Президент Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол Түркі мемлекеттері кеңістігінде тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті айрықша екенін жеткізді.