Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында 2022-2026 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылуы қарастырылып, мемлекеттер тобының ұсыныстары пысықталды. Отырыста Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен жауапты министрлік өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Мемлекеттік кеңесші саланы жетілдіру бағытында қабылданып жатқан шаралардың маңызына тоқталып, бірқатар оң өзгеріске назар аударды. Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Президенттің екі Жарлығы, он заң және Үкімет қаулысы, мемлекеттік органдардың жүзге жуық бұйрығы қабылданды. Ерлан Қарин Тұжырымдаманы іске асыру мерзімі аяқталуға таяп қалғанын, жаңа бағдарламалық құжатты әзірлей бастау керек екенін еске салды. Ол үшін қазіргі жағдайға талдау жүргізу, халықаралық озық тәжірибені және заманауи үрдістер мен сын-қатерлерді ескеру маңызды, деді. Сондай-ақ ГРЕКО ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы зор екенін атап өтті. Жиын соңында Ерлан Қарин «Заң және тәртіп» қағидатын одан әрі орнықтыра түсу сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асырудағы маңызды бағыт екенін жеткізді.