Вице-Президент тіл нормаларын жетілдіру мәселесі бойынша кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Вице-Президент Ерлан Қарин кәсіби мамандармен тіл нормаларын жетілдіру мәселесін талқылады. Кездесу барысында осы саладағы жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, ұсыныстар мен пікірлерді саралап, ережелерді бекіту мәселелері қаралды. Жиында тіл жанашырлары мен мамандары осындай тарихи маңызы бар бастамамен айналысуға мүмкіндік беріп, сенім артқан Мемлекет басшысына алғыс айтты. Жалпы, жоба аясында нормалар мен ережелерге арналған алты анықтамалықты, 19 негізгі сөздікті, соның ішінде орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық, терминологиялық сөздіктерді әзірлеу жоспарланып отыр. Одан бөлек, 9 академиялық аударма сөздігі дайындалады. Осы еңбектердің барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» ұлттық цифрлық платформасына жинақталып, баршаға қолжетімді болады.