Батыр Бауыржан ескерткішіне қайта байқау жарияланды
Даңқты қолбасшы, ұлт батыры Бауыржан Момышұлының жаңа ескерткішін жасау мақсатында мүсіншілер арасындағы байқау қайта басталды. Конкурс бұған дейін де өткенімен, нәтиже қайта қаралуда. Абай, Шерхан Мұртаза және Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіштерін сәтті сомдаған мүсіншілер қатысып, батырдың түрлі образдағы жобаларын ұсынды. Жоба мақсаты — ғасырлар бойы тұрақты тұратын, ұрпаққа үлгі боларлық еңселі туындыны таңдау.
Батыр Бауыржанның тұлғасын айшықтау – оңай жүк емес. Биыл көктемде өткен алғашқы байқауда ат үстіндегі Бауыржан Момышұлының бейнесі үздік деп танылған еді. Алайда, Республикалық комиссия конкурстың нәтижесін қайта қарауды тапсырды. Сарапшылар батырды тұлпар үстінде емес, тұрып тұрған кейіпте бейнелеу керек деген шешімге келген. Осылайша, екінші мәрте жарияланған байқауға қатысушылар батырдың түрлі образдарын ұсынды.