Президенттің «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітабы жарық көрді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітабы жарық көрді. Жинаққа Мемлекет басшысының 1994 жылдан бергі әр жылдары айтқан таңдаулы сөздері мен ой-тұжырымдары енгізілген. Сондай-ақ мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, білім мен жастар саясаты, цифрландыру, ұлттық құндылықтар, экологиялық мәдениет және «Таза Қазақстан» бастамасы сияқты бағыттар бойынша айтқан ойлары топтастырылған. Ел ішінде және халықаралық алаңдарда айтылған негізгі баяндамалары да бар. Жинақ 21 тақырыптық бөлімнен тұрады. Бұл туралы Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Кітап мемлекеттік қызметшілерге, ұстаздарға, студенттерге, жас мамандарға, зерттеушілерге және ел тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған. Алдағы уақытта қоғамдық кітапханаларға, жоғары оқу орындарына, колледждерге және жастар ресурстық орталықтарына таратылады.