Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында болашақ бір палаталы Парламенттің заң шығару қызметі талқыланды. Ерлан Қарин бұл реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген саяси жаңғырудың жалғасы екенін айтты. Басқосуда заң шығару жұмысының тиімділігі мен сапасын арттыру жолдары қаралды. e-Otinish пен eGov платформалары арқылы азаматтардан 400-ден астам ұсыныс түскен. Барлық бастамалар сарапшылармен бірлесіп жүйеленіп, жан-жақты талданып жатыр. Жұмыс тобы заң шығару үдерісін жетілдіру жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастырады. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші талдау жұмыстарына назар аударып, ұсыныстардың сапалық тұрғыдан жақсара түскенін жеткізді. Жиында парламенттік реформа саяси жаңғырудың маңызды кезеңі екені, оның заң шығару процесін одан әрі дамытуға бағытталғаны айтылды.