Дәл осы уақытта бағасы сабасына түсетін картоптың құны маусымның ортасынан асса да, әлі арзандамай тұр. Қысқа күнде қырық құбылатын қымбат баға жаужұмырға ғана тән емес, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кіретін пияз бен сәбіз де шарықтаған. Тараздағы сауда орындарында картоптың келісі 300-350 теңгенің көлемінде саудалануда. Қарашаның қалтасына қанша салмақ салса да, күнделікті тұтынатын өнім болған соң, сатып алмасқа амалы жоқ.