АҚШ кавбойлары мен Қазақстан шабандоздары көкпар тартып, жолдастық кездесу өткізді. Шара наурызнаманың жетінші – Ұлттық спорт күні аясында ұйымдастырылды. Атаулы күн бірінші рет аталып өтіліп жатыр. Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде болған шарада көрермен назарына аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары көрсетілді. Бұдан бөлек, қонақтарға құсбегілік өнер таныстырылды. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше қызығушылық пен танымалдылық артып келе жатқанын айтты.