Балалардың жазғы демалысы қалай өтуде? Бұл жайнаған жаз мезгіліндегі ең басты сұрақтардың бірі. Арнамыздың түсіру тобы Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы «Болашақ» жазғы сауықтыру лагеріне барып қайтты. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы мен Тараз қаласы балаларының көпшілігі демалыстарын осы лагерде өткізіп жатыр. Ендеше, келесі бейнесюжетке назар аударайық.
«Болашақ» балалар демалыс орталығы келем деушілерге маусым айында өз есігін айқара ашқан болатын. Ал қазір 4 маусымның да жабылуына санаулы күндер қалған. Лагердегі демалыс уақыты 12 күнді қамтиды. Мұнда негізінен облыс аудандары мен Тараз қаласының көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары демалуда. Демалушылар 9 топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшілері мен тәрбиешілері бар. 5 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген әрі медициналық пункт те жұмыс істейді. Таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.
Нұрдәулет Құлмат, демалушы
Меркі ауданының жіберілуі бойынша осы лагерге келіп отырмын. Бұл лагерь маған өте ұнады. Түрлі-түрлі ойын, іс-шаралары бар. Алты мезгіл тамағын береді, және де бассейні, түнде дискотекасы болады
Әли Мамыт, демалушы
Бұл жерде өте тамаша. Бұл жердің асханасының тамағы үйдің тағамдарымен бірдей. Және де тәрбиешілері өте жақсы. Мен осы лагерде жүргеніме қуаныштымын
Демалыс орталығының ұжымы ең әуелі сауықтыруға, білімге және балалардың көңілін көтеретін шараларға басымдық береді. Лагердегі педагогтар құрамы 30 адамды құрайды. Олар барлығы 80 іс-шара өткізуді жоспарлап қойған.
Рахат Тоқбергенова, тәрбиеші
Мұнда оқушылар өз уақыттарын тиімді өткізеді. Неше түрлі іс-шаралар өткіземіз. Балаларға қызық, өздерінің денсаулықтарын қалыпқа келтіріп, демалып, күліп-ойнап, 12 күнде дос тауып, демалыстарын өте көңілді өткізіп, үйлеріне қайтады
«Болашақ» демалыс орталығы өз жұмысын тамыздың 22 сіне дейін жалғастыратын болады. Демалушыларды әлі алда 2 маусым күтіп тұр, демек жаз мезгілін барынша қызықты өткергісі келген балалардың әлде де мүмкіндігі бар.
Қымбат Қаржауқызы, Ғалымжан Есенбаев, «Жаңалықтар қызметі»