Биыл облыста жыл соңына дейін 32 452 адамды жұмыспен қамту белгіленіпті. Алғашқы екі айдың өзінде Кешенді жоспармен 5 мыңға жуық жамбылдық жұмысқа орналасқан. Дегенмен де, Жамбыл облысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны жетіп артылады екен. Салдарынан, мемлекет алдындағы салық төлеу, еңбек шарты сынды міндеттер толық орындалмай келеді. Бүгін өңір басшысы жұмыспен қамту басқармасының жұмыс жоспарын тыңдап, айқын нұсқау берді.
Бүгінге дейін Жамбылда 56 мың адамға зейнетақы жарнасы аударылмай келген екен. Бейнетін көреміз деп зейнетке жеткенде қолын ұзартар ақшасы болмай, опық жеп қалмас үшін басқарма қазірден еңбек қызметін заңдастыру шараларын бастап кетіпті. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың деңгейін де төмендетуге білек сыбана кіріскен.
Жорабек Баубеков
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жұмыссыздар жұмыс берушілердің бас ауруына айналмауы тиіс. Мемлекет ол үшін шағын кәсіпкерлікті дамытып, бизнес негіздеріне тегін оқытуды да қолға алды. Мәселен, биыл «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 2 мың аса адам оқиды, несие алып, кәсібін ашу мүмкіндігі беріледі. Қысқа мерзімдік курстар да сәуірден басталады. Үш ай өте оқыған 4100 адам бір-бір маман иесі атанады.
Серғали Айдапкелов
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазірде мемлекет тегін білім береді, оқытады, тіптен жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Жасты да, жасамысты да қамқорлығына алып отыр. Биылдың өзінде жастар практикасына жарты миллиард теңге қарастырылыпты. Оған 2000 жас маман тартылмақ. Алдағы кезекте, жергілікті әкімдік бейресми халықтың жұмысын заңдастыру, санаттарын анықтау шараларын жалғастыратын болады.
Ақбота Қайнар, Мұрат Таубаев, «Жаңалықтар қызметі»