Нөмірін қағазбен жасырған жүргізуші жауапқа тартылды
Жамбыл облысының аумағында полиция қызметкерлері аумақты патрульдеу барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 487-шақырымында нөмірі анық көрінбеген «KIA K5» автокөлігін байқап, тоқтатты.
Тексеру кезінде көліктің мемлекеттік тіркеу нөміріндегі әріптік-цифрлық белгілердің бір бөлігі қағазбен әдейі жабылғаны анықталды. Бұл бейнебақылау камералары арқылы мемлекеттік нөмірді толық көруге және көлікті сәйкестендіруге кедергі келтірген. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодексінің 590-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Аталған құқық бұзушылық үшін бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген. Жалпы, облыс көлемінде жыл басынан бері мемлекеттік нөмірін жасырған 88 құқық бұзушы анықталды.