Енді жеке шотыңызға үш ай қатарынан 100 немесе одан көп адамнан ақша түссе, банктер бұл туралы бірден Кірістер комитетіне хабарлайды. Бүгін қаржы ұйымдары салық органдарына жыл басынан бері жиналған мәліметті тапсырды. Бұл салықтан жалтарып жүргендерді анықтау үшін жасалып отыр. Ал кәсіпкер ретінде тіркелмегендер айыппұл төлейді. Ескеретін жайт, аударымдар тұрақты түрде үш ай бойы жалғасса және жалпы сома шамамен 1 млн 20 мың теңгеден аспаса, салық төлеуге ешкім мәжбүрлемейді. Әуелі ақша не үшін жиналғаны анықталады. Мәселен, мақсатыңыз қайырымдылық жасау болса, тиісті құжаттарыңызды көрсетсеңіз жеткілікті. Жасырын кәсіп жүргізбегеніңізді 30 күн ішінде дәлелдей аласыз.