Шу ауданынан Түркістан облысы, Созақ ауданына қоршаған ортаны сақтау үшін 1 млрд текше метрге жуық су жіберілді. Су ресурстары және ирригация министрлігі Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсатта су жіберу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда Созақ ауданына 950 млн текше метр су жіберілді.

Бұл су жіберу шаралары Созақ ауданының экожүйесін қолдау және сақтау үшін қажет. Су құм мен тұзды шаңның көтерілуіне жол бермейді, сондай-ақ мал шаруашылығы үшін жем-шөп қорын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен ұзындығы 120 шақырым Фурманов каналына соңғы 40 жылда алғаш рет тазарту жұмыстары жүргізілген болатын. Нысандағы жұмыстар былтыр шілде айында басталып, желтоқсанның соңында аяқталды.