Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас қазақ елінің әйелдер қауымын халықаралық төл мерекесімен құттықтады. Ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдер мен қыз-келіншектерге марапаттар табысталды. Олардың қатарында «Отан», «Еңбек даңқы», «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Шапағат»,«Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстазы сияқты марапат түрлерінің иелері бар. Президент халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген ел екеніне екпін түсіріп, мерекенің мән-маңызына тоқталды.