Жамбыл облысында полиция синтетикалық есірткіні заңсыз тасымалдау дерегін анықтады. Жедел-іздестіру шаралары кезінде тәртіп сақшылары «Алматы – Екатеринбург» бағытындағы автожолда Toyota Camry көлігін тоқтатты. Тексеру барысында қызметтік иттің көмегімен көліктің жүк салғышынан спорттық сөмке табылып, оның ішінен оралған пакет алынған. Сараптама нәтижесі пакет ішіндегі заттың жалпы салмағы 470 граммнан асатын «альфа-PVP» синтетикалық есірткі екенін көрсетті. Күдікті ретінде 34 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіліп жатыр.