Қазақстан Словакиямен екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті. Мемлекет басшысы мен словак премьері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Мемлекет басшысы экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр. Қазақстан Президенті ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен логистика, цифрландыру және аса маңызды шикізат материалдары салаларында мол мүмкіндік бар екенін айтты. Словакия Премьер-министрі көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, Қазақстандағы өзгерістерге қызығушылық білдірді.