Экономикасы дамыған озық 30 елдің қатарынан көріну үшін әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруымен қатар рухани құндылықтарымызды да сақтап қалуымыз қажет. Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да бәсекеге қабілетті, білімді, озық ойлы жастардың қоғамда бірлік пен татулықты сақтап қалуын дәріптейді. Осыған орай Байзақ ауданы Түймекент ауылдық округінде «Баянды бірлік - мәңгілік» фестивалі ұйымдастырылды.
Аудандық фестиваль Түймекент ауылындағы Ғазиз Байтасов атындағы орта мектебінде ұйымдастырылды. Оған ауыл ақсақалдары, сала мамандары мен белсенді жастар, халық қаһарманының әріптестері де қатысты.«Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында, алдымен өзге ұлт өкілдері татулық пен бірлік жайында сөз қозғады.
Любовь Гор, аудандық орыс этномәдени орталығының жетекшісі
Бүгін жастардың көптеп қатысып отырғанына қуанып отырмын. Солардың бойында осы патриоттық сезімдер, ұлт арасындағы бірлік пен татулық сақталып қалса деген ойым бар. Біздің осы күнге жеткізген татулығымызды жастар бағалап, өз деңгейінде жалғастырады деген сенімдемін.
Бұдан бөлек, түрік ұлты салт- дәстүрлері мен тағам түрлерін таныстырып, мемлекеттік тілде ән шырқады. Сонымен қатар, үш тілділік саясатын қолға алған жастар мақаланың басты бағыттарын айқындап, қазақ,орыс, ағылшын тілінде баяндады. Жиында Ғазиз Байтасовтың өлшеусіз ерлігі де насихатталып, жергілікті ақын- сазгерлердің туындылары да орындалды.
Абзал Байгелдиев, Байзақ аудандық ІІБ басшысының орынбасары, полиция подполковнигі
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аты ел есінде қалған, халқының біртуар перзенті, халық қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы мектебінде іс - шара өтуде. Бүгінгі іс – шараның бір мақсаты келешек ұрпақты Отан сүюге, халқын сүюге сүйіспеншілігін жоғарылататын, олардың патриоттық сезімін оятатын іс – шара.
Ұлтаралық бірлік пен келісім, рухани құндылықтарымызды сақтап, болашаққа жеткізу – жастардың қолында. Фестиваль аясында ақсақалдар тарапынан өскелең ұрпаққа осындай үндеу тасталды.
Назима Дәрменқызы, Мерей Сардаров, «Жаңалықтар қызметі» Байзақ ауданы