Достық үйінде спорт ұйымдарының өкілдері, спортшылар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бас қосып, құқықбұзушылықтың алдын алу мен заң талаптарын сақтау мәселелерін талқылады.
«Спорт және қауіпсіздік: тәртіп, тәрбие және жауапкершілік» тақырыбымен өткен жиында жастар арасындағы тәртіп мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық нормаларды құрметтеу және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері көтерілді. Қатысушылар спорттың тек физикалық даму құралы ғана емес, сонымен қатар мінез бен жауапкершілікті шыңдайтын маңызды тәрбие тетігі екенін атап өтті. Кездесу барысында Жамбыл облысында қылмыс деңгейінің төмендегені айтылды: жалпы көрсеткіш 17,6 пайызға азайып, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны да қысқарған. Дегенмен, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың өсуі алаңдаушылық туғызуда. Осыған байланысты мамандар алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жастармен жүйелі түрде жұмыс істеудің маңызын ерекше атап өтті.