Меркі ауданында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі бүгін аудан орталығындағы саябақта орналасқан «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Аудан әкімі мен зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, аналарға құрмет көрсетті.

Мерекелік шара одан әрі «Үміт» оқушылар сарайында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кештің шымылдығы мектеп оқушылары орындаған ана туралы әсерлі хор әнімен ашылды. Үміт оқушылар сарайының өнерпаздары қазақ биін мың бұрала билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.