Шу ауданындағы «Нұр-2000» шаруа қожалығы бүгінде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 20 млн. теңге несие алған шаруашылықта қазір ауылдың оншақты тұрғыны жұмыс істейді.

Шу ауданы Қонаев ауылының тұрғыны Жұмахан Оспанов «Сыбаға» бағдарламасы арқылы осыдан 5-жыл бұрын 20 млн. теңге несие алып, 100 бас сиыр алған. Бүгінде ірі қара саны 300 ден асты.  Негізгі мақсат, ет өндіру. Шаруашылық қазір ауыл ішінен шағын мал бордақылау кешенін ашып, бұқа байлау жұмыстарымен айналысады.

Бекен Сегізбаев жұмысшы (Қыркүйек айынан бастап осында кіргіземіз. Сосын алты ай, яғни қыстай байлаймыз. Жем-шөпті өзіміздің жұмысшылар дайындайды. Мал семіз болуы үшін тамағы да жақсы болу керек)

Шаруашылық қазір ет бағытындағы жұмыстарды арттыру үшін үлкен мақсат қойып отыр. Болашақта осы жерден мал сою алаңы мен жем-шөп сақтайтын қойма салынады. Сонымен қатар, тек сиыр ғана емес қой малын көбейту жұмыстарын да қолға алмақшы. Ол үшін бүгінде мемлекет тарапынан қолдау да жеткілікті.

Жұмахан Оспанов «НҰР -2000» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ (Мемлекет тарапынан бізге үлкен көмек болды. Несие алдық, бұл бір, одан қалды субсидия да уақтылы төленеді. Егер қолдау болмаса бізге қиын болар еді)

Ет және сүт өндіру мал шаруашылығы саласындағы басым бағыттың бірі болғандықтан, биыл да онымен айналысушы шаруаларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылып отыр.

Айбол Қарашев, Асқар Әділ «Жаңалықтар қызметі»